... АТАҚ немесе ҮШ СӨЗ 🌙 "Мені білмей тұрған өзі бұл қайсың?" – Деп кеуделеп толқын атып тулайсың. Мансабыңа жүрген кезде масайрап, Мерт боласың. Сосын қайтып тумайсың. 🌙 Аяқасты аяқталып сапарың, Қалады артта шен-шекпенің, шапаның. Көрге бірге кіруге де жарамас, Бір кездері жерді жарған атағың. 🌙 Көз жұмған соң Біреу келіп, Құдай-ай! "МӘЙІТ қайда?" - деп сұрайды тым оңай. Кебіндейді жуындырып жəй ғана, Атақ түгіл атыңды да сұрамай. 🌙 Тірлігіңде түрлі атаққа лайықсың, Өлгеніңде мүлəйімсің, мəйітсің. Көрге түспей көкірегің көк тірер, Көрген түстей енді, міне, ғайыпсың. 🌙 Содан кейін Имам келіп, Құдай-ай! "МАРҚҰМ" - дейді, Айтады оны тым оңай. Едел-жедел жаназаңды оқиды, Тергеп, тіпті, тегіңді де сұрамай. 🌙 Тірлігіңде асыл, күміс, алтынсың, Өлгеніңде мақұрымсың, марқұмсың. ...Неге бүгін самарқаусың, салқынсың, Айтшы, кəне, Айтшы, маған, – Ал, кімсің? 🌙 Содан кейін, – Алыңдар! – деп, "ТАБЫТТЫ", Қырға қарай бастайды Имам халықты. Суық көрге жалғыз өзің кіресің, Сыртқа тастап атақ, мансап, даңқты. 🌙 Тірлігіңде Алатаусың, Алыпсың, Өлгеніңде төбешіксің, табытсың. Ғәділетті құдіретке жүгінбей, Ғапылдықпен ғұмыр кешсең, Ғəріпсің! 🌙 Тірлігіңде жүрмесең де тыс көзден, Түбі осылай болатынын іш сезген. Үш буылып аттанасың ақырға, "Мәйіт" "Марқұм" "Табыт" деген үш сөзбен. #ҚалқаманСАРИН #КалкаманСАРИН #QalqamanSARIN Kalkamansarin.kz